Камкор менеджмент

СМИ о нас

«Қазақстан теміржолшысы» № 120-121, 15 желтоқсан, 2015 жыл

Осы аптада, Ақтөбенің Шалқар станциясында тұратын Маратовтар әулетінде шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді.Бұл — Сәкен мен Анардың отбасындағы үшінші бала

2.jpg

Шалқарда туған ұл

Жас отбасы осыдан төрт жыл бұрын, Ақмоланың Жалтыр станциясынан Шалқарға қоныс аударған болатын. Төрт жыл бойы ол темір жол құрылысы компаниясына басшылық етіп, Шалқар — Бейнеу темір жолының құрылысына ат салысты, топырақ төсеу жұмыстарынан бастап, шпал төсеу жұмысына дейін араласты. Былтыр Шалқар жерінде тарихи оқиға болды, Шалқар — Тассай темір жолымен алғашқы пойыз құрамы жүріп өтті. Осылай, ел темір жолының тарихындағы үлкен оқиғаға өз үлесін қосқан отбасы кеше туған ұлдарының есімін «Шалқар» деп қойды.

— Шалқар — «кең пейілді», «телегейтеңіз», «ауқымы кең" деген мағына береді, әрі өміріміздегі үлкен тарихи оқиғадан естелік болсын деп осы есімді таңдадық. Алғаш қоныс аударғанда бізге Шалқар бейтаныс өлке болатын. Бірақ лезде жергілікті халықпен жақын араласып, туғандай болып кеттік, көптеген дос-жаран таптық, басқа жаққа қоныс аударсақ, Шалқарды қимайтын боламыз, — деп, ағынан жарылды Сәкен Рахметов.

Қызмет бабымен қонысын жиі ауыстыруға тура келетін Сәкеннің айтуынша, көшпелі өмірге балалары да үйреніп келеді. Үлкен ұлы Санжар да мектеп ауыстыруға үйреніп алған. Шалқар жеріне келгенде 2-ші сынып оқушысы еді, қазір 5-ші сыныпқа барады, 11 жаста. Ал қызы Асми 7 жаста, биыл мектеп табалдырығын аттады.

— Шынымды айтсам, мені тағдыр осындай керемет өлкеге айдап әкелгеніне қуаныштымын. Төрт жыл аз уақыт емес, дегенмен, өмірімде бір үлкен шаруа тындырыппын ғой деп ауыз толтырып айтып отыра аламын ғой. Балаларыма да мақтанып, осы жолдың тарихы туралы талай әңгімелеп берермін, — дейді Сәкен Маратұлы.

1.jpg

Алдағы уақытта Сәкен келесі нысан Алматы — Шу темір жол құрылысына араласқалы отыр. Қызмет орны — «Теміржол жөндеу» мекемесі ол құрылыстан да кезекті жұмыс көлемін алған. Сондықтан отбасымен енді жаңа өлкеге көшкелі отыр.

— Жолдасым екеуміз үшін ең бастысы, отбасымыздың аман болғаны, балашағамызбен бір жерде болғанымыз маңызды деп шештік. Ал жиі қоныс ауыстыр уға етіміз үйренді. Оның да артық тұстары көп. Біріншіден, темір жол тарихындағы алып құрылыстарда қолтаңбамыз қалады, екіншіден, ел көреміз, жер көреміз, кең байтақ Қазақстанымыздың түкпір -түкпірінде тұратын халықтың арасынан қаншама дос-жаран табамыз, — дейді отағасы.

Сәкен Рахметов темір жол құрылысы саласына 2003 жылы келген. 2005 жылы «Теміржол жөндеу» мекемесінде бас инженер қызметіне кіріседі. Соңғы төрт жылда Жезқазған — Бейнеу темір жолының «Шалқар-Тассай» телімінің құрылысына жауапты «СМП Шалқар» ЖШС-ке жетекшілік етті.

Асқар АҚТІЛЕУ, Ақтөбе



← Назад в раздел