Камкор менеджмент

СМИ о нас

«Қазақстан теміржолшысы» № 81, 4 тамыз, 2015 жыл

Биыл кәсіби мереке — Көлік қызметкерлері күніне орай 700-ден астам сала еңбеккерінің еңбегі әр түрлі марапат түрлерімен атап өтілсе, 56 адам темір жол көлігінің ең жоғарғы атағы «Құрметті теміржолшы» белгісіне лайық деп танылды. Көп жылдардан бері игі дәстүр жаңғыртылып, алғаш рет ерекше көзге түскен жандарға «ҚТЖ» ҰК» АҚ президентінің қолсағаты табысталды.

Көлік кешені еңбеккерлері ардақталды


Бір топ теміржолшы қауым өкіліне 31 шілде күні ел жүрегі Астанада, Ұлттық компанияның елордадағы орталық ғимаратында шымылдығын түрген салтанатты жиын барысында сахна төрінен сый-сияпаттарын тарту етіп, барша әріптестерін мерейлі сәтпен құттықтаған «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Асқар Мамин өз сөзінде, қазіргі күрделі экономикалық жағдай кезінде тиімді бизнес өсімі бағыттары таңдалғанына нұсқады.

Тың мультимодальдық құзырлар мен қызмет тиімділігін көтеру арқылы транзиттік жүк, ағымдары қарастырылуда. Осыған байланысты контейнерлік тасымалды дамытуға айрықша көңіл бөлініп, жүк тасқындарының ел ішінен өтуі мақсатында ықпалдасқан көлік қызметтері ұсынылып, ішкі және сыртқы терминалдар желісі мен логистикалық орталықтар тізбегі жасақталуда.

Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, маңызды да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, «Қорғас — Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймағы» логистикалық хабы кең қанат жайып, Астана темір жол торабының өрісі жаңа вокзал кешенімен ұзаруда және де Астана халықаралық әуежайының жолаушылар терминалы қайта құрылымдалып, Алматы — Шу телімінде екінші жолдар салынуда.

Сонымен қатар, Боржақты — Ерсай темір жолы мен Құрық портындағы паром сынды өзге-де нысандар тұсауы кесілуде. «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» трансқұрлықтық автожол дәлізінің құрылысы аяқталуға жақындап, Ақтау портының солтүстік жағы кеңейтілуде.

— «100 нақты қадам» ұлттық жоспары аясында да бірқатар бастамаларды ортаға тастадық. Осымен бірге, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ешқашан өзектілігін жоғалтпақ емес. Бұл тұста өндірістік қауқардың жаңарып-жаңғыруы, басқару және ұйымдастыру жүйесінің жетілуі, атқарушылық-технологиялық тәртіптің қатаңдатылуы пойыздар жүрісі қауіпсіздігінде оң көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тағы бір бағынған белес, Компанияның күш салуымен жаңа темір жол машина жасау кластері дүниеге келді.

Сондай-ақ, жолаушылар тасымалында да қуантатын өзгерістер бар. Жүрдек жолаушылар тасымалының қамту аумағы кеңейіп, сервис сапасы жақсаруда. Ойымды түйіндей отырып, Қазақстан темір жолының қызметкерлеріне кәсіби адалдығы мен отансүйгіштігі, алға қойылған міндеттерге жетудегі табандылығы үшін алғысымды білдіремін. Сіздер, күнделікті қажырлы жұмыстарыңызбен, тек саланың емес, бүкіл Қазақстан экономикасының өркендеуіне үлес қосып жатырсыздар.

Бүгінгі шара тағдырын отандық көлік саласына байлаған жандарды ардақтауға арналады, — деген Асқар Ұзақбайұлы Қазақстан Республикасы индустрия және даму министірінің 2015 жылдың 17 шілдедегі № 426 бұйрығымен 19 шойын жол шаруасының тарланына «Құрметті теміржолшы» белгісін тапсырды.
Ал арнаулы қолсағаттарды иеленгендердің арасында біразы газетіміздің кейіпкері болып үлгерген. Мысалға, Қуат Есімханов өзі жетекшілік ететін «Теміржолсу» компаниясын шығынсыз-деңгейге көтерген.

Оралхан Құлақов көліктегі 31 жыл еңбегінде станция кезекшісінен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры лауазымына дейін жеткен. «Жолды диагностикалау орталығы» филиалының маманы Александр Хожаев 2013 жылдың қараша айында Арыс станциясындағы, ақаутапқыш вагонда дизельдік генератор құрылғысында өрт ошағының тұтануының алдын алса, Жамбыл вагон пайдалану депосының жас вагон қараушысы Айдос Сұлтанбеков бертінде ғана жарамсыздықты дер кезінде анықтап, қырағылық танытты.

Бақытжан Сейітқұлов тер төгетін Локомотив құрастыру зауыты өнімдерін Әзірбайжанға экспорттамақ. Ағымдағы жылы ҚТЖ құрамына кірген «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ екі еңбеккері-де мерекелік қолсағатты иеленді.

Мерекелік басқосуда биылдан бастап «Құрметті теміржолшы» тұлғалардың сапына енген «Вокзал-қызмет» АҚ заң және кадрлық жұмыстар жөніндегі қызметінің сарапшысы Жұмагүл Әлжан мен Магистральдық желі дирекциясы қозғалыс қауіпсіздігін талдау және қалыпқа келтіру-өрт сөндіру пойыздары департаментінің бас маманы Юрий Плаксин жауапкершілік жүгін табысты алып жүруге, сенімді, ақтауға тырысатындарын айтып, ақжарма тілектерін жеткізді.
Салтанатты рәсім соңында кеш жүргізушілері жиналғандарды болат жол ардагерлеріне орындарынан тұрып, қошеметтеуге шақырып, зал толы жұрт алдыңғы қатарға жайғасқан көнекөз қарияларға ұзақ қол соғып, құрмет көрсетті.
Жиынның ресми бөлігі ән мен би шашуына, «Ғасырдан да ұзақ күн» театрландырылған спектакліне ұласты.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ



← Назад в раздел