Камкор менеджмент

СМИ о нас

«Қазақстан теміржолшысы» № 74, 14 шілде, 2015 жыл

Жазғы демалыс кезінде тәжірибе жинау үшін, ақылы жұмысқа тартылған Тынышбаев атындағы ҚазККА оқу орнының студенттерінен құралған құрылыс отряды жаңадан салынған Шалқар — Тассай және Сарыжиде — Аққайтым жаңа темір жол телімдерінде еңбек етіп, демалыстарын тиімді және пайдалы өткізіп, күні кеше елдеріне олжалы оралды

СТУДЕНТТЕР ОЛЖАЛЫ ҚАЙТТЫ

6.jpg

Көлік академиясының сту-денттері екі жылдан бері жаңадан ашылып жатқан темір жол бойындағы жұмыстарға қатысып келеді. Студенттер арасында әсіресе, Шалқар телімінде жұмыс істеуге сұраныс көп. Себебі, әр аймақта бірдей ауқымда жұмыс жасағанымен, Шалқарда төленетін еңбекақы өзгелерге қарағанда қомақты екен. Студентке бір айда кәдімгідей жалақы алу, әрине үлкен көмек. Бұл жолы да бағы жанған, құрылыс жасағына ерте жазылған 26 студент Шалқар ауданына 7 маусым күні келіп жетіп, бірден еңбекке араласқан.

Студенттер өндірістік тәжі-рибеден өтуге келген «Теміржол жөндеу» ЖШС құрылыс монтаж мекемесі болашақ әріптестерін құшақ жая қарсы алып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұш-тастыруға барынша ықпал еткен. Мекеме басшысы Сәкен Рахметов құрылыс отрядының еңбегін жоғары бағалады. Оның ойынша, студенттердің өндіріске ерте араласуы саламен танысып, болашақ мамандықтарына деген қызығушылықты арттыра түседі.

— Бізге келген студенттер жұмысты бірден бастап кетті. Олар Қазақстан темір жолының болашақта жаңа бағыты болып іске қосылатын «Шалқар — Тассай» және «Сарыжиде — Аққайтым» темір жол бойын құмнан тазартты. Кілең жастар болған соң жұмыс жасау көңілді болды, үлкен көмек көрсетті. Балаларды жұмыс орнына автобуспен апарамыз. Түс мезгілінде бөлімге әкеліп тамақтандырып, демалып алғаннан кейін түс қайта тағы үш сағат жұмысқа шықтық, — дейді «Теміржол жөндеу» ЖШС филиалы директоры Сәкен Рахметов.

«Теміржол жөндеу» ЖШС бір ай бойы жұмыс істеп, елдеріне қайтқалы жатқан студенттермен қоштасу кешінде түрлі спорттық шаралар ұйымдастырды. Балалар соңғы жұмыс күнінен кейін арқан тарту, волейбол ойыны, кір тасын көтеру, білек күшін сынаудан командаларға бөлініп, өзара жарыс көрігін қыздырды. Компания бастығы жеңімпаз командалар мен жақсы ойын көрсеткен студенттерге алғыс жариялап, естелік сыйлықтармен марапаттады. «Болашақта Қазақстан темір жолын дамытатын сендер боласыңдар, сондықтан қадамдарың сәтті болсын!» деген тілек білдірді.

— Жазғы демалысым сәтті өтті. Қасымдағылардың бәрі өзіммен бірге оқитын академия стауденттері, түрлі курс студенттері болсақ та, бір-бірімізбен жақын дос болып кеттік. Ең бастысы, біз бұл жерден нағыз теміржолшының еңбегін көрдік. Өзімізге тәжірибе жинадық. Академияда алған теориялық білім мен практиканың мүлде бөлек екенін ұқтық, — дейді 3 курс студенті Дәурен Каменов.

Дәуренмен бір командада жұмыс жасаған Абдулла Қасымхан құрылыс жасағына осымен екінші жыл қатысып отыр екен.

— Өткен жылы тасымалдау бөлімінде жұмыс жасадық. Құм түсірген болатынбыз. Жұмыс көлемі-де, тапқан табысымыз да қомақты болды. Ол кезде далада, вагондарда жатып жұмыс жасадық. Бір айдың ішінде қомақты жалақы алдық. Ал биылғы жұмыс жеңіл болды. Ішінде барлық жағдайы жасалған жатақханамыз бар. Жұмыс та аса ауыр болған жоқ. Бұл жолы бір айда жаман табыс тапқан жоқпыз, қанағат. Студент үшін бұл аз, ақша емес. Оның үстіне достарыммен жүріп жасаған жұмыс біз үшін демалыстай болды, — дейді 3 курс студенті Абдулла.

Алматыдан студенттердің құ-рылыс жасағын бастап келген ҚазККА-ның жас маманы Ертужан Құлыбаев «Теміржол жөндеу» ЖШС филиалы басшылығы-ның көңілінен шығыпты. Жас маманның қызметіне көңілі толған мекеме басшысы оған сайдың тасындай іріктелген командасы үшін алғыс білдіріпті.

— «Теміржол жөндеу» ЖШС-ның құрылыс монтаж мекемесіне алғысымыз шексіз. Бірінші кезекте барлық баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Жайлы жатын орнын ұсынып, жылы қарсы алды. Өзім бұл ауданға бірінші рет келуім, бірақ еш өкінген жоқпын. Керісінше бәрі ойлағанымыздан да жоғары болды. Барлық студентті бастап келген соң, әрине жауапкершілік те жоғары болды. Бірақ ұжымның көмегімен ауыртпалық сезілген жоқ. Келесі жылы да бұл мекемемен тағы келісімшарт жасауды жоспарлайтын боламыз, — дейді жасақ командирі Ертужан Құлыбаев.

Қазақстан темір жолының жаңа жобасына осылайша өз үлестерін қосып, қолтаңбаларын қалдырғандарын зор мақтаныш санап, болашақ теміржолшылар елдеріне аттанды. Оларды Шалқардан пойызға отырғызған «Теміржол жөндеу» ЖШС мамандары, құрылысшы, аға-апалары келер жылы қайта күтетіндерін айтып шығарып салды.

Асқар АҚТІЛЕУ, Ақтөбе
Суретті түсірген автор



← Назад в раздел