Камкор менеджмент

СМИ о нас

«Қазақстан теміржолшысы» № 71-72, 4 шілде, 2015 жыл

Келесі кезекте Мемлекет басшысына құрылыс жұмыстары 2014 жылдың 1 қазаны күні басталған, бүгінгі күні құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп отырған «Боржақты — Ерсай» темір жолы таныстырылды. «Теміржол жөндеу» ЖШС директоры Саянтай Ерғажин Елбасымызға жаңа теміржол желісі туралы баяндады

Болашақтың жолы «Боржақты — Ерсай»

IMG_9120.JPG

-Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Былтыр қазан айында өзіңіз осы «Боржақты — Ерсай» темір жолының құрылысын бастауға пәрмен беріп едіңіз. Бұл желі «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасына сәйкес салынды. «Боржақты — Ерсай» жаңа жолымен теңіз портының және паромдық кешеннің, жаңа өндірістердің қарқынды дамуына жағдай жасалады. Темір жол телімі мен паром өткелі Каспий жағалауының инфрақұрылымын дамытады. Еліміздің көліктік логистикалық кластерінің дамуына айрықша серпін береді.

Құрметті Елбасы, Құрық паром кешеніне алғашқы құрылыс материалдары тиелген пойыз аттануға дайын! — деп рапорт берді темір жол құрылысының жетекшісі. Осыдан кейін, көптен күткен тарихи сәт те келіп жетіп, «Боржақты — Ерсай» темір жолымен 30 вагоннан тұратын пойыз Ерсай бекетіне қарай бағыт алды. Құрық портының игілігі үшін ендігі жерде тасымал қызметін атқаратын темір жол магистралі осылай іске қосылды. Елбасымен болған телекөпір шарасына қатысып отырған, осынау тарихи сәтке куә болған теміржолшылар бір — бірін құттықтап, жаңа жолдың жұмысына сәттілік тілеп, жаңа жолмен аттанған алғашқы пойызды, ақ жол тілеп шығарып салды.

Саянтай Ерғожиннің мәлімдеуінше, жаңа темір жол желісін салу үшін 1495 тонна рельс, 42320 дана шпал, 19 жиынтық бағыттама бұрмасы, 9973 м³ құмтас, , 26573 м³ қиыршықтас жұмсалған. Боржақты мен Ерсай бекеттерінің ара қашықтығы 14,634 шақырым болса, жол төсемінің ұзындығы 23,8 шақырымды құрайды. Құрылыс жобасына 9 613 680 млрд. теңге бөлінген. 40-тан астам техника жұмылдырылып, негізгі және қабылдап жіберетін екі бекеттің жолдары, яғни бекеттердің әрқайсысында үш жол салынған. Сондай, ақ, ВОЛС, СИРДП жүйесі, ЭЦ посты, СЦБ автобұғаттау жүйесі және екі пәтерлі тұрғын үй тұрғызылған.

Болашақта «Боржақты — Ерсай» темір жолы теңіз, мұнай оперцияларын қолдайтын маңызды инфрақұрылымдық нысан болады. «Маңғыстау — Өзен» бағытындағы темір жолдың 48 — ші шақырымынан ашылған Боржақты темір жолы қуатты паромды кешен тұрғызылып жатқан Каспийдегі Құрық портына апарады. Станция белсенді түрде жүктер мен құрылыс материалдарын қабылдап, жаңа жолмен Ерсай станциясына және Құрыққа цемент, құм, темірбетонды блоктар т.т. жүктері жеткізеді. Бұл материалдардың барлығы паромды кешен тұрғызуға қажет.

Маңғыстау аймағы елдің экспорттық транзиттік ахуалын дамытатын маңызды көліктік логистикалық аймақ болып табылады. «Теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту» мен «Боржақты — Ерсай» темір жолы тарауының құрылысы» жобалары батыс бағыттағы порттар арқылы Каспийге апаратын Қазақстанның транзиттік және экспорттық шамасын нығайтуға бағытталған ірі жобалардың құрамына кіреді. Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаевтың айтуынша, бұл жобалар Маңғыстау облысының Қазақстанның оңтүстік батысында өңірлік хаб болып біржолата қалыптасуына мүмкіндік береді. Өткен жылы Қазақстанның теңіз қақпасы арқылы тасымал көлемі 10,3 млн тоннаны құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 2% ға артқан. Ал, темір жол арқылы 6,2 млн тонна жүк тасымалданып, тасымал көлемі 10%-ға артты. Тасымал көлемінің өсуі Жезқазған — Бейнеу, Өзен — Болашақ жаңа теміржол тармақтарының пайдалануға берілуімен байланысты.

«Ешқандай көлік түрі бұған дейінде, таяу болашақта да Қазақстан үшін темір жолдай маңызды бола алмайды» деп Елбасымыз айтқандай, пайдалануға берілген «Боржақты — Ерсай» темір жолы арқылы Маңғыстау жерінде тағы бір порт бой көтереді. Мамандардың пікірінше, Құрық порты, Ақтау портынан асып түспесе кем болмайды. Осылайша, теңіз операцияларын қолдау жобаларына енетін «Боржақты - Ерсай» жаңа өндірістердің қарқынды дамуына өз үлесін қоспақ.

Боржақтыдан басталатын болашақтың жолы ел экономикасының дамуына дәнекер болып, Қазақстанның үдемелі индустрияландыру бағдарламасының іске асуына, транзиттік жүк, ағымының молайып, көлік әлеуетінің артуына қызмет ете бермек.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен іске асырылып жатқан «Ақтау теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту» және «Боржақты Ерсай» темір жолы торабының құрылысы» атты екі жобаның таныстырылымын тікелей желіден тамашалаған Елбасы ел дамуына қызмет ететін бұл игіліктерге өзінің де қуанышты екенін жеткізіп, еліміздегі көліктік логистиканың дамуы маңызды қадам екенін айтып, баршаға табыс тіледі.

Анаргүл Жексембайқызы, Маңғыстау



← Назад в раздел